HOREX QAZAQSTAN ЖӘНЕ CLEANEXPO QAZAQSTAN 2026: АЛМАТЫДА HORECA, САУДА ЖӘНЕ ТАЗАЛЫҚ ИНДУСТРИЯСЫНА АРНАЛҒАН ЖЕТЕКШІ ТЕХНОЛОГИЯЛАР МЕН ЖАБДЫҚТАР ҰСЫНЫЛАДЫ
2026 ЖЫЛҒЫ 11–13 ҚАРАША АРАЛЫҒЫНДА АЛМАТЫДА, «АТАКЕНТ» ҚІЫО АУМАҒЫНДА «ҚОНАҚҮЙЛЕРГЕ, МЕЙРАМХАНАЛАРҒА, СУПЕРМАРКЕТТЕРГЕ ЖӘНЕ ТАЗАЛЫҚ ИНДУСТРИЯСЫНА АРНАЛҒАН БАРЛЫҚ ҚАЖЕТТІЛІК» — HOREX QAZAQSTAN ЖӘНЕ CLEANEXPO QAZAQSTAN 2026 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН КӨРМЕЛЕРІ ӨТЕДІ.
Көрмелерге 11 елдің брендтерін ұсынатын 50 отандық және халықаралық компания қатысады: Австрия, Ұлыбритания, Германия, Италия, Қазақстан, Қытай, Молдова, Нидерланд, Ресей, АҚШ және Швейцария. Қатысушылар арасында — Garant Horeca, «ХимПроф Технологии», Karcher, Mecon, Maheev, Anhui Hualing Kitchen Equipment, Meichu, Jiangsu Amalfi, Jieyang Helon Manufacturing, Zhejiang Sunmixer Sanitary Ware және Jiangsu Lihaoju Textile, Inarin-n, Rhea Vendors, Med Sistem, Kaztorgline.
Экспозиция қонақүй бизнесіне, мейрамханаларға, кафелерге, барларға, супермаркеттерге және қоғамдық тамақтану кәсіпорындарына арналған өнімдер мен шешімдердің кең ассортиментін қамтиды. Ұсынылатын өнімдер арасында: тоқыма бұйымдары, мүкәммал, техника, кәсіби химия, автоматтандыру жүйелері мен бағдарламалық қамтамасыз ету, наубайханалар мен кондитерлік кәсіпорындарға арналған технологиялар, тоңазытқыш, сыра, сауда және витриналық жүйелер, вендинг автоматтары бар. Өнімдер ассортиментінде дәнді кофе, май-тоңмай және сүт өнімдері, сироптар, топпингтер мен су сүзгілері және басқа да өнімдер ұсынылады.
Экспозицияның практикалық бөлігін Thermoplan Asia, KING Coffee Service, Weller, PCB RUS, BWT және Arbuz Food Service стендтеріндегі аспаздар мен баристаларға арналған іс-шаралар толықтырады. Келушілер қатысушылардың бейінді ұсыныстарымен тікелей көрмеде таныса алады.
Көрменің басты ақпараттық алаңы — HoRex Business Forum 2026 — қонақүй және мейрамхана бизнесі өкілдерінің, салалық қауымдастықтар мен сарапшылардың қатысуымен өтетін практикалық алаң. Форумның басты назарында Қазақстандағы HoReCa индустриясының өзекті мәселелері: қонақүйлердің табыстылығын басқару, гастрокластерлерді дамыту, жалдау ақысы мен салықтық жүктеменің өсуі, бизнестің заңнамалық және экологиялық талаптарға бейімделуі, сондай-ақ рентабельділікті сақтап, саланы одан әрі дамытуға арналған шешімдерді іздеу.
11 қарашада бағдарламаны «Қазақстанның HoReCa саласы 2026: бір нарық, ортақ сын-қатерлер» пленарлық сессиясы ашады. Қатысушылар кадр тапшылығы мен мамандар даярлау, қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының қызметіне әсер ететін заңнамалық бастамалар, сондай-ақ гастрокластерлерді дамыту перспективаларын талқылайды.
«Гастрокластер: жаңа формат па, әлде жабық клуб па? Мейрамханалар жобаға қалай қатыса алады?» практикалық сессиясы мекемелерді іріктеу критерийлеріне, гастрокластерлерге қатысу шарттарына, инвестициялық шығындар мен өзін-өзі ақтау мерзімдеріне арналады. Өз кезегінде «Қазақстанның қонақүй бизнесі 2026: табысыңызды кім басқарады — өзіңіз бе, әлде агрегаторлар ма?» стратегиялық сессиясы шығындарды басқару, қызмет көрсету стандарттарын сақтау, тікелей сатылымдарды дамыту және халықаралық брондау платформаларына тәуелділікті азайту мәселелерін қамтиды.
12 қарашада қатысушылар қоғамдық тамақтану кәсіпорындарына түсетін жалдау жүктемесі, коммерциялық нысандардың қолжетімділігі және кәсіпкерлерді қолдаудың ықтимал құралдары мәселелерін «Қысымдағы жалдау ақысы: қоғамдық тамақтану орындары үшін нысандар неге қымбаттап жатыр?» стратегиялық сессиясында қарастырады. «Реформалар жағдайында мейрамхана бизнесі қалай аман қалып, маржаны сақтай алады» стратегиялық сессиясы Қазақстан Республикасының салық заңнамасындағы өзгерістерге, бөлшек салық режимін қолдануға, басқарушылық және салықтық есепті автоматтандыруға, сондай-ақ тексерулер мен мониторинг кезінде бизнесті қорғауға арналады. «Хоспер, гриль және майұстағыш: жаңа экологиялық норма мейрамханаларға қаншаға түседі» практикалық сессиясы шығарындыларды сүзгілеуге қойылатын талаптарды, майұстағыштарды орнату және қызмет көрсету мәселелерін, тиісті жабдықтардың құнын және қолжетімді қаржылық қолдау шараларын қамтиды. Бағдарламаны «Инсайттардан әрекетке: форумнан кейінгі HoReCa» FORESIGHT-сессиясы қорытындылайды. Сессия салалық пікірталастардың нәтижелерін одан әрі пысықтауға бағытталады.
HoRex Qazaqstan және CleanExpo Qazaqstan көрмелерімен қатар азық-түлік өнеркәсібі мен қаптама технологияларына арналған FoodExpo Qazaqstan 2026 және QazPack 2026 халықаралық көрмелері өтеді. Іс-шараларды бірлесіп өткізу кәсіби күн тәртібін кеңейтіп, келушілерге бір сапар аясында сабақтас салалардың шешімдерімен танысуға мүмкіндік береді: қонақүйлерді, мейрамханалар мен сауда кәсіпорындарын жабдықтаудан бастап азық-түлік өндірісі мен қаптамаға дейін. Жалпы алғанда, экспозициялар 16 400 шаршы метр жалпы алаңды қамтитын 5 павильонға орналасып, 35 елден 635 қатысушыны біріктіреді. Біртұтас алаңның ауқымы іскерлік байланыстар орнатуға, жаңа жеткізушілермен танысуға және нарықтың түрлі сегменттеріндегі өзекті ұсыныстарды зерттеуге қосымша мүмкіндіктер береді.
Қонақүйдің, мейрамхананың немесе клининг қызметінің мінсіз жұмысының артында қонақ байқамауы мүмкін, бірақ дәл солар қызмет көрсету сапасын қалыптастыратын тұтас шешімдер жүйесі тұр. HoRex Qazaqstan және CleanExpo Qazaqstan 2026 индустрияның осы қырына — кәсіби жабдықтар мен технологиялық шешімдерден бастап күнделікті процестерді ұйымдастыруға дейін назар аударады. Көрмелердің үш күндік жұмысы қонақжайлылық пен кәсіби сервис инфрақұрылымының қалай өзгеріп жатқанын көруге, өндірушілер мен жеткізушілердің ұсыныстарын салыстыруға және нақты бизнес міндеттеріне сәйкес келетін шешімдерді табуға мүмкіндік береді.
Көрмелерді Қазақстандық көрме компаниясы Iteca және оның халықаралық серіктесі — ICA Events компаниялар тобы ұйымдастырады.


